«Тайынша таңы» газетінің құрметті оқырмандары!
Сайтымызға қош келдіңіздер!
«Тайынша таңы» қоғамдық-саяси газеті 2006 жылы жарыққа шықты. Өзінің алғашқы оқырмандарына жеткен аудандағы қазақ тілінде шығатын газет осы күнге дейін мемлекеттiк, ақпараттық саясат аясында тұрғындарға ақпараттық-жарнамалық қызмет көрсетедi. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен басылым әр аптаның жұма күндері шығып, Тайынша ауданының барлық елді-мекендеріне аудандық пошта арқылы жеткізіліп тұрады. Бұл – 18 округ және 1 қала. Ұжымда 5 адам еңбек етеді. Газеттің тиражы –1300 дана. Газеттің тұрақты оқырмандары бар. Сол алғашқы газет шыққан күннен бастап мен газетте редактор болып, редакция ұжымына басшылық жасаймын.
Газеттің негізгі міндеттері: ресми мәліметтерді шұғыл тарату, ауданның, қоғамның барлық органдарымен қабылданатын шешімдерді объективті түрде түсіндіру, жергілікті атқарушы және өкілдік органдарының нормативтік-құқықтық актілерін ресми түрде жариялау.
Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауының және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын ақпараттық қамтамасыз ету, облыс пен ауданның қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде болып жатқан үрдістерді кеңінен жариялау жоспарлы түрде іске асырылып тұрады. Ұлттар достығы мен ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету бағытындағы мақалалар да газет бетінде жиі жарияланады.
Газет оқырмандарымен жиі кездесіп, сұхбат жүргізу, пікір алмасу арқылы қоғам өкілдері көпшілікке танылады. Қоғам қайраткерлерін, бизнес өкілдерін, өнер адамдарын да көпшілікке үлгі ете отырып, ресми түрде жарияланады.
«Ауылым – алтын бесігім», «Кәсіпкерлікке кең өріс», «Замандас бейнесі», «Алдыңғы толқын ағалар» тақырыбындағы арнайы айдарлар үнемі жарық көріп тұрады.
Газет бетінде жарияланатын мақалалардың жоғары ғылыми деңгейде болуы үнемі қадағаланады және Қазақстан Республикасы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Тілдер туралы» Заңы және басқа да әрекеттегі нормативтік-құқықтық актілері қатаң түрде сақталады. Газет аудан әкімінің қолдауымен шығып, мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі ресми басылым болып табылады.
Бүгінде «Тайынша таңы» газетінің ресми сайты өз жұмысын сәтті атқарып келеді.
Сол кездегі аудан басшылығы, атап айтсақ 2006 жылдардағы аудан әкімі – А. П. Маковский, аудан әкімінің орынбасарлары – К. Т. Дусурупов, А. Қ.Дүйсенова аудан тарихында алғашқы ана тілінде шығарылған «Тайынша таңы» газетінің жарық көріп, оқырманға жетуіне ерекше қолдау көрсетті.
Заманауи тенологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналған заманда оқырмандардың да талғамы арта түскені сөзсіз, газет электрондық форматта да оқылады. Дегенмен, ауданда газетке деген сұраныс бар. Оқырмандар әлеуметтік тұрғыдағы мақалаларды асқан қызығушылықпен оқиды. Оның бірден бір дәлелі – «Тайынша таңы» газетінің Instagram, Facebook әлеуметтік желілердегі парақшаларында оқырмандармен орнатылған кері байланыс. Мәселен, газет бетінде жарық көрген әлеуметтік тақырыптар мен өңір жаңалықтары газеттің әлеуметтік желілердегі парақшаларында пост болып жарияланған бетте оқырмандар бірден ой-пікірлер білдіріп жатады.
Газетке сұраныс бар. Жалпы таралым саны 1300, дегенмен жылдың соңына қарай сандық көрсеткіштер төмендейтін жылдар да болды. Осы жерде айтып кететін бір мәселе, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей газетті үнемі қолдап, тіпті демеушілік көрсетіп жүрген азаматтар бар. Газетті оқуға ниеті болып тұрса да, жаздырып алуға мүмкіндігі жетпей жататын санаттағы отбасылар да жоқ емес. Сол сәттерде газетке жазылуға демеушілік көрсеткен ел азаматтарының қатарында – ұлты да тілі де басқа болса да бірнеше мәрте облыстық мәслихат депутаты болған аудандық аурухананың бас дәрігері А. П. Рафальский және кәсіпкер Ш. Ш. Сельмурзаев, ауылшаруашылығының мамандары – Ж.Ж. Габдуллин, Е. Алпысов және жеке кәсіпкер А. Сабырбаев. Бұл жерде пошта байланыс торабының да еңбегі зор. Оқырмандарға уақытылы газет-журналдар жеткізіліп отырады.
Алда жоспарлар: газет бетінде жарияланатын айдарлар санын көбейтіп, ең бастысы газеттің көлемін ұлғайтып, қазіргіден де тәрбиелік мағынасы зор сапалы да мазмұнды мақалаларды оқырман назарына ұсыну. Жастарға арнайы бет ашып, жас буынның еңбектерін жарыққа шығарып, қоғамда олардың мәртебесін көтеру, басқаларға үлгі ету. Сонымен қатар, Ардагер бетін қазақтың салт-дәстүрімен қатар, тарихи шежірелерімен толықтыру, жазу. Газет жарық көргелі 16 жылдың көлемінде бірқатар жас маман «Тайынша таңы» газетінде тәжірибе жинап, білімін шыңдап бүгінгі таңда журналистика саласында республика, облыс көлемінде еңбек етіп жүргендерін мақтанышпен айтуға болады. Шәкірттерімнің қатарында министрліктің баспасөз қызметінде, сондай-ақ республикалық және облыстық телеарналарда қызмет атқарып жүрген танымал журналистер бар.
Құрметті оқырмандар! Сайтымыз пайдалы ресурсқа айналып, біздің біріккен жұмыста тиімді құралға айналатынына шын жүректен үміттенемін.
Құрметпен, «Тайынша таңы» газетінің бас редакторы Нұралина Гүл Жамашқызы