КӨКПАР ТАРТУ: НАМЫСШЫЛ ЖАС БАР, ҚОЛДАУШЫ БИЛІК БОЛСА…

Тайынша ауданының бірқатар ауылдарында жас ұрпақты жауынгерлік және әскери машыққа баулитын ұлттық ойын — көкпар тарту кеңінен дамып жатыр. Қазір тайыншалықтар да көкпар тартуды қолға алуды жоспарлап жатыр.

Алғашқы көкпар ойынының құрамасында көкпаршылар 6 команда болды: Есіл,Тайыншадан екі команда- Вишневка мен Алабота,Уалихан екі команда, Ақжар. Бүгінде аудан өңірінде көкпаршылар саны қосылып жатыр. Олардың бәрі де сайдың тасындай. Жауырыны қақпақтай, білекті де жүректі жігіттердің тұлпарлары да өздеріне нағыз сенімді серік. Жүйріктер дүбірлі додаларда иелерін жерге қаратпады. Облыстық, аймақтық, республикалық деңгейдегі жарыстарда Тайынша шабандоздары талайларды шаң қаптырып, жеңіс тұғырларына көтеріліп жүр. Олардың мықтылығына тәнті болған көршілес Кішкенекөл ұлттық спорт түрлері федерацияларының басшылары біздің жігіттерді өздерінің командаларында ойнауға бірнеше рет шақырған.

Ауыл жастарының ат спортына деген қызығушылығын арттыра түсуді мақсат еткен федерация көкпар шабумен  бірге аударыспақ, бәйге, теңге ілу, асау үйрету, жамбы ату ойындарын ұйымдастыруды да ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Биыл аудан көкпаршылары және көрші аудандардан арнайы келген көкпаршылар Тайынша қаласында, 7 мамыр Отан қорғаушылар күні құрметіне өнерлерін ортаға салды. Мерекелік іс-шара аудан орталығында басталды. «Достық»алаңында мерекелік іс-шара барысында ауданның жасөспірімдері өздерінің әскери дайындықтарын,түрлі спорттық ойындардан білімдерін байқатты. Бұл күн қоғамдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі- өрт сөндіру қызметі.Қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындайтын қызыл жалынға бетпе-бет келіп, тілсіз жауды тізгіндейтін маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес. Тайыншалық өрт сөндіру бөлімшесінің ержүрек сарбаздары жиналғандарға отпен күресу техникаларын көрсетіп, қауіпсіздік ережелерін толық меңгерген маман екендіктерін байқатты. Сонымен қатар, осындай жағдайда алғашқылардың бірі болып көмекке келетін ақ халатты абзал жандар да өз білімдерін, алғашқы көмек жасап көрсетті.

Ұлттық спортты дамытудағы негізгі күш, басым салмақ алаботалық шабандоздар, олар бастаған жігерін жаныған, намысты азаматтар өздеріне сенімді. Содан да болар олар жеңімпаз атанды. Аудан, облыс намысы сынға түсетін дүбірлі додаларға көкпаршылар өздері ізденіп, ұлттық спортқа жанашырлардың қолдау-көмегіне сүйеніп барып жүр. Аудан құрамасындағы аттар да өздерінікі.  Жүйрікті өздері жаратып, өздері баптайды.

Ата-баба мұрасын құрмет тұтқан өңірдің жас өрендері ат жалын тартып өсіп келеді. Қазақтың игі дәстүрі баланы ашамайға отырғызу да бұл өлкеде берік сақталған. Тайға мініп шапқылап жүрген баланы көкпар шабу кең таралған.. Расында, жасы да, кәрісі де ұялы телефонға телмірген қоғамда балалардың тайға мініп топтасып, ат үстінде ойнауы қала түгілі, қазақтың көп ауылына үлгі болуына лайық.

Көкпар тартудың адам тануға, дос пен қасты айыруға да септігі мол. Серкені қазандыққа салсаң — абырой, дүбірлі жарыс  болған соң сыйақысы тағы бар. Нағыз досты танитын шешуші сәт — осы кез, серкені қазандыққа салу сәті. Көкпарда серкені қарсыластан алған шабандозға өз жақтастары көмектеседі, оны «жетектеу» деп атайды. Бірлесіп әкеле жатқан серкені кейбір жетектеуші жеме-жемге келгенде, қазандыққа жақындай бергенде қолыңнан жұлып алып, қазандыққа салып жіберіп, өзінің кім екенін көрсетеді. Тартыс барысында серкені алған шабандоздың еңбегі бағаланады. Мұнда жетектеушіге ұпай есептелмейді. Абырой да, ұпай да серкені салған көкпаршыда болатындықтан, кейбір жетектеушілер қазандыққа таяу келген тұста досының аяғынан шалып, оның тақымындағы серкені тартып алады. Міне, осылайша дос, жолдас, сыйлас жанның нағыз бет-бейнесі көрінеді. 

Ауыл көшелерінде топтасып, тайға мініп, серуендеген балаларды көріп, көзің қуанады.  Ауыл балаларының ұялы телефонға телміріп, бос уақыттарында  доп қуалаулары сирек. Қолдары қалт етсе, атқа мінуге, ат үстінде ойнауға құмар. Атқа міну ер баланың нағыз ер мінезді, ер тұлғалы болып қалыптасуына көмектеседі. Жалпы қазір дене бітімі жігітке ұқсайтын ер балалар азайып бара жатыр. Шаштарын өсірген, әлжуаз жастардың көбейіп кеткені өкінішті.

Бойында ұлттық намысы бар, қажыр-қайраты мол ауыл азаматтарының ұлттық спортты дамыту үшін білек сыбанып, жұмылып жасап жатқан өнегелі, ізгі ісіне сүйсінесің. «Ұлттық спортты қолдауда жергілікті билік не тындырып жатыр?» Осы сұрақ төңірегінде нәтижелі істер атқарылып, жастарға қолдау көрсететін азаматтар болып жатса,әрине, Көкпар және тағы да басқа ұлттық ойындар өз жалғасын табады деген ойдамыз.Ауданда алғашқы рет өткізілген    Көкпар ойыны өте жоғары деңгейде өтті. Мерекелік іс-шарада бірінші болып сөз алған аудан әкімі Б.А.Әлжанов жиналғандарды атаулы мерекемен құттықтады. Осы мерекеге орайластырып ұйымдастырылған «Көкпар»ойынына қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі. Бұл күні жиналғандар «Қыз қуу» ойынын да тамашалады. 

Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ, «Тайынша таңы» газетінің бас редакторы

14.05.2023
Қаралым саны: 115