Тарихы тереңде жатқан Ұлыстың Ұлы күні тайыншалықтар үшін ерекше күн болды. Тайынша жұртшылығы Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтті. Салтанатты іс-шараны ашқан аудан әкімі Берік Әлжанов тайыншалықтарға жүрекжарды жылы лебізін арнап, жиналған көпшілікті әз-Наурызбен құттықтады. «Достық» алаңында қаз-қатар тігілген киіз үйлер мейрамға ерекше сән беріп тұрды. Гір көтеру, еркін күрес, арқан тарту сынды ұлттық ойындар мерекенің ерекше сәнін келтірді. Ұлттық ойындарға қатынасқандарға ерекше құрмет көрсетіліп, сый сыяпаттар жасалды. Спорт майталманы, тренер-жаттықтырушы С.Ағзамов еркін күрестен ойынға қатысушылардың әділ бағасын берді. Осы бағытта «Евразия банкі»акционерлік қоғамы ерекше белсенділік көрсетті, ұлттық ойындарға қатысушыларға марапаттар үлестірумен қатар, өздері арнайы құрған отауларында көпшілікке дәм татырды және осы мерекенің сәнін келтірген қос қонжық, әсіресе, жас балалар үшін күтпеген қуаныш болды.
Сонымен қатар, “Сырға салу”, “Тұсау кесу” сияқты салт-дәстүрлерімізге сай сахналанған көріністер тамашаланды. Сахна төрінде шырқалған ән мен күй мерекенің шырайын аша түсті. Мерекелік көріністері, ән-жырларымен көпшілікке ерекше көңіл-күй сылаған облыс орталығынан келген С.Мұқанов атындағы сазды-музыкалық театрының өнер адамдарына тайыншалықтар ерекше ризашылықтарын білдірді. Әсіресе, сол театрдың актер-әншісі, «Х-фактор» қазақстандық ән жобасының жеңімпазы-финалисі Сүндет Асан көпшіліктің есінде ерекше сақталары сөзсіз. Біздің тайыншалық өнерпаздарымыз да өз өнерлерін ортаға салудан аянған жоқ. Аудандық мәдениет Үйінің өнерпаздары В.Распопов, Б.Гусар, С.Жүсіпов және аудан көлеміндегі басқа да өнерпаздарымыз өздерінің әндерімен көпшілікке мерекелік шашу шашты.
Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде түрлі дәмге толы ақ дастарханнан жұртшылық дәм татып, наурыз көже ішіп, үлкендер ақ батасын беріп жатты.Кезектесіп алтыбақанда тербелген жастардың да қарасы көп болды. Осындай халықтық мерекені ұйымдастыруда қаладағы барлық еңбек ұжымдары, білім ошақтары ерекше белсенділік көрсетті. Біріне бірі ұқсамайтын киіз үйлер, арнайы жасалған дастархан мәзірі, әр отауда тамашаланған салт-дәстүрлер мен шырқалған ән-жыр көпұлтты Тайынша ауданының бірлігі мен достығын, іскерлігін тағы да бір дәлелдеді.
Наурыз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныштықта өмір кешсін! Жыл басы қош келдің!
Қаралым саны: 135