Облыс орталығындағы Ислам мәдениеті музейіне Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) шашы әкелінді. Арнайы құтыға салынған жәдігер Тайынша қаласына да жетті. Тайынша аудандық мешітінде құтыға салынған Пайғамбардың (с.ғ.с.) шашын көруге келгендердің қарасы қалың болды.
Пайғамбарымыздың шашы қазіргі таңда “Қазақстан қажылар қауымдастығы” Түркістан облыстық филиалының төрағасы Қалиолла Маджановтың қолында. Өзбекстандық ғалымдар сыйлаған асыл тұлғаның шашын ол көзінің қарашығындай сақтап келеді. Арнайы құжаты да бар. Біздің өңірімізге тасаттық беру рәсімі үшін арнайы жеткізілген. Сол күні дін өкілдері Алладан жаңбыр сұрап, дұға жасады.
“Адамзаттың асылы саналған Пайғамбарымыздың шашы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, бүгінге дейін сақталып отыр. Бұл тек бір кісінің үйінде тұрмауы керек. Әр өңірдің тұрғындары көріп, салауат айтса сауабы мың еселенеді”, дейді Қалиолла Маджанов.
Құнды жәдігерді көру үшін Тайынша аудандық мешітіне жас балалардан бастап, қариялар қауымы, жастар жиналды, Алладан тілек тіледі. Барша халықтың тілегі - еліміздің бейбіт өмірі мен халықтың жағдайының жақсы болуы, жауын-шашынның қажетті деңгейде болып, диқаншылардың еккен егінінен мол өнім алу, әр отбасында бақыт пен берекенің болуы.
Сол күні тасаттық намазы оқылып, Жаратушыдан жаңбыр тіледік. Пайғамбарымыздың жүрген жері берекелі болған ғой. Оның шашын алдыртудың бірден бір себебі – диқандардың жұмсаған қажырлы еңбегіне табыс тілеу болса керек. Аллаһым тілегімізді қабыл алсын. Еліміз тыныш,жұртымыз аман болсын, ағайын!
Қаралым саны: 127