«Uae Swat Challenge-2026» Халықаралық жарысынан жеңіспен оралған жерлесіміз

Арнайы бөлімшелер арасында Дубай қаласында өт­кен «UAE SWAT Challenge-2026» халықаралық жары­сында Қазақстанның «Томирис» әйелдер құрамасы жоғары кәсібилік даярлықтарын көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Әлемнің 40 елінен 109 команда қа­тысқан жарыста жерлесіміз, Ақмола облысы Плдиция Департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ аға инспекторы полиция подполковнигі Анар Қанатқызы Тукенова тамаша өнер көрсетті. Әке жолын қуып, әскери мамандықты таңдаған Анар Қанатқызының халықаралық мазмұны терең жарыстан жеңіспен оралған бір топ офицерлер мен әскери қызметкерлер қатарында болғанына қуаныштымыз! Жарайсың, Жерлесіміз!

Ақордада «UAE SWAT Challenge-2026» халықаралық жарысы­нан жүлделі оралған командаларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды шын жү­ректен құттықтап, қазақ жауынгерінің рухы қандай болатынын әлем жұртшылығына паш еткенін, Қазақстанның беделін биікке көтергенін атап өтті. – Сұлу қыздарымыз өте жо­ғары деңгейде өнер көрсетті, шеберлікпен алға шығып, әйелдер арасында топ жарды. Қазақстанның намысын қорға­ған бес құраманың бәрі де үздік 20 команданың тізіміне кірді. Бұл нағыз жасампаз отаншыл­дық деп күмәнсіз айтуға бола­ды. Төрткүл дүние ұл-қыздары­мыздың мықтылығына куә болды. Сондықтан тағы да атап өткім келеді, сіздер көрсеткен мықты тактикалық дайындық, айрықша күш-жігер мен тама­ша топтық жұмыстың арқа­сында әлем жұртшылығы қа­зақтың батыл, қайсар және өр рухты ұлт екеніне көз жеткізді. Баршаңызға шынайы ризашы­лығымды білдіремін. Барлық бапкер мен жаттықтырушыға және әскери басшыларға, басқа да мамандарға алғыс айта­мын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Мемлекет басшысының Жарлығымен «UAE SWAT Challenge-2026» халықаралық жарысынан жеңіспен оралған бір топ офицер мен әскери қызметкер Бауыржан Мо­мышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауын­герлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Біздің жерлесіміз Анар Қанатқызы өз ойын көпшілікке былайша білдірді, - «Томирис» командасы болып халықаралық жарысқа қатысып келдік. Бұл мен үшін жай ғана жарыс емес, Қазақстаннан қатысқан Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкері ретінде үлкен мүмкіндік пен жауапкершілік болды. Қазақстанның абыройын көтеру, әлемге таныту және кәсіби мамандар тарапынан жоғары баға алу — мен үшін үлкен мәртебе. Бұл менің осындай үлкен жарыстарға екінші қатысуым. Бізді қолдаған Қазақ Еліне, әріптес, достарымызға, отбасында ақ батасын беріп, тілекшім болып жүретін, көңілімді көтеріп, жаныма демеу болып, маған үлкен сенім артып отыратын, батылдыққа баули білетін, әкемнің жан анасы, менің ардақты Айшара әжеме алғысым шексіз. Еліміз аман, бейбіт заман болсын, қазақтың рухы берік те биік болсын!». Түйін: Біздің де айтарымыз: «Елім» деген ер азаматтарымызбен қатар, ерлік істерімен еліміздің атын шығарып жүрген қазақтың қайсар қыздары аман болсын!

 

19.06.2026
Қаралым саны: 1