Бүгінгі таңда мемлекет жастарының санасының ояу, білімінің жоғары болуына ерекше мән берілуде. Жастарды тәрбиелеудің маңызы жайында Тұңғыш Президент, Елбасы Н. Назарбаев: «Қазақстанның болашағы – бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады», – деп атап көрсеткен болатын. Елiмiздiң болашағы - жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi.
Қазіргі таңда еліміздегі кейбір жастарымыздың теріс діни ағымға еріп, саналарының көз алдымызда улануы ойландыратын мәселе болып отыр. Шетін көзқарасты діни ағымдардың кейбір жастардың білім мен ғылымға деген ынтасын жойып, өзге мәдениет пен теріс құндылықтарды насихаттап, жастар арасында жанжал тудыру жағдаяттары да орын алып келеді, ол-шындық. Қоғам болып мұндай іс-әрекеттерге жол бермеуіміз керек. Жастар қай замандарда болмасын, әрқашан қоғамда үлкен әлеуметтік күшке ие болғанын білеміз. Олар әрдайым қоғамның ең белсенді мүшесі, әрі жұмыс күші болып табылған. Оның үстіне бүгінгі жастың ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын басшы боларын ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түседі. Сондай-ақ жастардың бойында үлкен, әрі жүзеге асырылмаған қуаты мен мүмкіндіктері де бар екенін ұмытпауымыз қажет.
Тайынша ауданында да жалынды да жігерлі, білімді жастарымыз баршылық. Өткен аптада сол жалынды жастарымыздың бірқатарымен аудан әкімі Р.Ә.Аңбаев кездесу өткізді. Аудандық саяси бөлімнің басшысы Г.Сатыбалдықызының тікелей басшылығымен өткен кездесу жастарға алдағы уақыттарға үлкен әсер етері сөзсіз. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында өткен кездесу барысында жастар тарапынан бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету салаларын дамыту бойынша ұсыныстар келіп түсті. Әлбетте, кейінгі толқын — жастардың туған өлкені көркейтіп, өз бастамаларын жүзеге асырғысы келетіні әрбір сөздері мен аудан әкіміне қойған сауалдарынан байқалып тұрды.
Алқалы жиында Агробизнес колледжі студенттерінің атынан «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде білім алып жүрген студент Джолдаш Бекжан, жас кәсіпкер Гольц Александр, Тайынша қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің аға механигі Олег Солодко сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасының қатысушысы, Яснополян орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Яхолка Александр, Президенттік көпсайыстан облыстың бірнеше дүркін чемпионы Татьяна Большунова да тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесуге сондай-ақ Тайынша аудандық көпсалалы ауруханасында еңбек атқарып жүрген хирург-дәрігер, эндоскопист, тәуелсіздіктің құрдасы Жандос Ахнаев қатысып, медицина саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Ол Тайынша ауданында жуырда эндоскопиялық кабинет ашылғандығы жөнінде айтты.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Руслан Әкімжанұлы кездесуге қатынасқан көпшілікті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтап, жастарды тек қана алға ұмтылуға шақырды.
Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ.
Қаралым саны: 43