ЖІГІТТІҢ ДЕ, ЖЫЛҚЫНЫҢ ДА МЫҚТЫЛЫҒЫ СЫНАЛАР ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – КӨКПАР

Халықты дәстүрлі ойын мен ұлттық спортқа қызықтыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өткен аптаның жексенбісінде Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданының Чкалов елді мекенінде қазақтың ұлттық ойыны көкпардан жарыс өтті.  

«Махмет Қажы» атындағы мешіттің имамы Арман Егінбайұлын қолдап, ауылдың белсенді азаматтары көкпар өткізу туралы іс-шараны іліп әкетіп, ұйымдастырып жіберген. Бұл жаппай көкпар өткен Құрбан айт мерекесіне орай арнайы ұйымдастырылып отыр.  

Қазақ халқының қанына сіңген көкпар ойынының ашылу салтанатында Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов, ҚМДБ СҚО өкіл имамы Хамзат Қажымұратұлы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ұлттық спорт мектебінің бұрынғы директоры Марат Қойшин сөз сөйлеп, ұлттық спортымызды насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, көкпар ойынына қатысушы шабандоз жігіттерге сәттілік тіледі. Құран оқылып, ауыл тұрғыны Аманжол Елубаев жаппай көкпарға қатысушыларға бата берді. Ауылдың әжелерінен құралған «Тамаша» хоры да қатысушылардың намыстарын қайрап, ән шашу жолдады. 

Көкпардың басталуын тағатсыздана күткен сәт те жетіп, дала төсінің шаңын көтерген қызу дода басталды.

Жаппай көкпардың жүлде қоры да аса қомақты. Ақшалай салым 1 млн теңге. Көкпардың «Өгіз өлді» салымы бір қара мал мен бір жылқы, яғни бір баруы қара мал болса, қайтуы бір жылқы. Көкпардың беташар салымын Көкшетаудан келген Кенжебек палуан мен Ақжар ауданынан келген Алпамыс балуан салды. Сондай-ақ көкпар додасы қызған кезде әр жерден келген шабандоздардың салымдары да болды. 

Өңіріміздегі осы жылдың айтулы додасы саналған жаппай көкпарға алыстан ат терлетіп келген атақты балуандар қатары мол екен. Шырайлы Шымкенттен келген көкпаршы, 55 жастағы Бейсен аға да салым салды. Білекті жігіттер арасындағы тартысты бәсекеге ел аймағынан 140 шабандоз қатысты. Шабандоз шыңдалатын, сәйгүлік сыналатын додаға Солтүстік Қазақстан облысынан басқа, еліміздің  Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарынан ат құлағында ойнайтын білекті де жүректі көкпаршылар қатысып, бақ сынады. 

Ойынның ерекшелігі сол, кез келген жігіт көкпар тарта алмайды. Себебі, алдымен күш-қайрат, ептілік пен төзімділік керек. Бойында күші болмаса, ат үстінде тұрып жердегі серкені іліп әкету оңай емес. Көкпаршы ойын алаңына шыққанда, біріншіден, аттың күші, екіншіден, өзінің ептілігімен серкені тақымына басады. Ойын барысында басты жүлде жылқыны Уәлиханов ауданының шабандозы Арыстанбек Махатов иеленсе, өгізді Ақжар ауданының азаматы Алмас Зайдуллин қанжығасына байлады. 

Ойын тартысты әрі қызықты өтті. Барлық салым салынып, шабандоздар жүлдесіз қайтпады. Шабандоздардың өнерін тамашалаған көрермен қол соғып, қолпаштап отырды. «Ұлттық спортымызды дәріптеп, көкпаршылардың басын қосқан дүбірлі доданың өтуіне мұрындық болып, қолдау көрсеткен Әбдікәрімов Жаслан, Дүсүрүпов Айдар, Антаев Жаслан, Мартысевич Михаил, Мәметхан Серікжан, Қалиақпаров Азамат, Кубигенов Асхат, Жапаров Алмас және мешіт жамағатына алғыс айтамын» - деді сөз кезегі келгенде Арман имам. 

Одан басқа тойға дайындық барысында дода болған орынды дайындап, киіз үй, күркелерді құрып, ас беру, безендіру жұмыстарына басшылық көрсеткен Қасымов Айдос, Смағұлов Сағындық, Кайкенов Әлібек, Ержанов Жанат, Уәлиев Руслан, Искаков Ержан, Мұқажанов Ермек, Күшікпаев Серік, Елубаев Әсет, Гринев Сергей, Искаков Бағдат, Сабыров Серік сияқты намысты қолдан бермес азаматтарды да атап өткен жөн.   

Дүбірлі тойды жүргізіп отырған Көкшетау қаласының Үкілі Ыбырай атындағы филармонияның дәстүрлі әншісі Хасенов Сәрсенбай өз кезегінде әнге де кезек беріп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Музыка аппаратурасымен қамтамасыз еткен Тайынша аудандық мәдениет үйінің басшысы Самат Тоқсанбайұлы мырзаға да ұйымдастырушылар алғыс айтады. 

Бүгінгі таңда елімізде ұлттық спорт әлеуеті даму үстінде. Ұлттық спорт ойыны бұл біздің рухани байлығымыз. Ұлттық спорттың дамуы – рухани байлығымыздың дамығаны деп білеміз. Жүректі шабандоздарымыздың қатары көбейе берсін!                        

Жанаргүл МҰРАТҚЫЗЫ, тілші 

20.07.2023
Қаралым саны: 58