Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы Көрісу күні

Армысыздар, ардақты ағайын! Cіздерді ертеден келе жатқан ата дәстүріміз — Көрісу күнімен құттықтаймын!

Тарихи тамыры тереңге бойлаған бұл салт — дана халқымыздың ұлыс болып ұйығандығының жарқын көрінісі іспетті. Ата-бабаларымыз ертеден дәл осы күні бір-бірімен қуана қауышып, амандық-саулық сұрасып, ізгі тілектерін арнаған.

Ұлық дәстүр бүгінде ұлттық ерекшелігіміз ғана емес, ғасырларға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналды. Көрісу — адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес. Жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал.

Көктемнің елең-алаңында басталатын Көрісу салтының өзіндік ерекшелігі — бір күнмен шектелмейді, жыл бойы жалғасады. Бұл мейрам — өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымға толы.

Көрісудің қай уақыттан бері тойланып келе жатқаны турасында нақты мәлімет жоқ. Дегенмен, ең бастысы – Жер-Ана жаңарған тұста адамдар өкпе-ренішті ұмытып, ағайынның амандығын тілеген, арнайы сәлем берген. Бүгінгі Көрісу күні ежелден келе жатқан ата салтымыз бойынша жастар осы күні үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Бұл – нағыз береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы. Бұл күні адамдар бір-біріне барып, кездескен кезде міндетті түрде қол ұстасып: "өткен жылмен!» деп амандасады.

14 наурыз ежелден жаңа жылдың басы болып саналды. Жер оянады, ауа көктемгі балғындыққа толы, әрқайсымыз ұзақ қыстан кейін іштей жиналамыз, енді біз келесі биіктерге ұмтылып, Наурыз мейрамына дайындаламыз.

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Баршаңызды Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында аудан тұрғындарына тілерім еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ, “Тайынша таңы”

15.03.2023
Қаралым саны: 97