ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ ТАҒЗЫМ

Ұлы Жеңіс! Бұл – дүниежүзі халқы үшін қасиетті сөз. Ұлы Жеңіс – өшпес даңқ пен өршіл рухтың асқақтаған күні. Ұлы Жеңіс – арын байрақ, намысын найза еткен қаһармандықтың, ерен ерліктің көрінісі. Иә, ата-баба арманы ақиқатқа айналды. Адамзат атаулыға қасірет пен қантөгіс алып келген сұм соғыстың аяқталғанына биыл 78 жыл. Ерлік рухы ешқашан ұмытылуға тиісті емес. Күллі халық болып еске алатын айтулы датаны бұл жолы да аудан басшылығынан бастап ауған ардагерлері, полиция қызметкерлері мен сала басшылары ерекше құрметпен еске алды.

Ұлы Жеңісті терең толғаған қазақ поэзиясы аға буын мен жас ұрпақтың көзіне еріксіз жас келтірді. Мәңгілік шейіт болған боздақтар рухына арналып «Мәңгілік алауға» аудан әкімі Берік Әлжанов бастап, ауған ардагерлері мен полиция, білім бөлімі, аурухана ұжымы, барлық мемлекеттік мекеме мен жекелеген кәсіпорын өкілдері атынан тағзым гүлдері қойылды. Жеңіс саябағында өткен салтанатты шараға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін болды. Аға буынның үмітін жалғар бүгінгі ұрпақ иелері жас бүлдіршіндер көк туды биікке желбіретіп, аға буынның ерлік рухын, ерліктерін ешқашан ұмытпайды.

Осындай тауқыметті тағдыр мен бейнетті жылдарды бастан өткерген Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Тыл еңбеккерлеріне, ауған ардагерлеріне ықылас пен құрметіміз ерекше. Міне, жылдағы дәстүр бойынша майдангерлердің есімі жазылған «Жеңіс» саябағында елжандылықты еске алдық. Ерлік ешқашан ұмытылмайды деген осы. Олай болса, егемен ел болу жолындағы мұратымызға өлшеусіз үлес қосқан батырлардың ұрпақтары жалғана берсін. Ұлы Жеңіс бейбіт күннің байрағы мәңгі желбіреуіне ықпал етсін! 

Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ, «Тайынша таңы» газетінің бас редакторы

14.05.2023
Қаралым саны: 135