Мектеп бітіруші түлектердің өміріндегі маңызды сәттердің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. 11 жылдық білім мен біліктің нәтижесін көретін бұл күннің маңызы талапкерлер үшін әрқашан жоғары. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында тест тапсырған талапкерлердің ЖОО-ның тек ақылы бөліміне түсуіне мүмкіндігі бар. Ал мемлекеттік грант үшін мамыр мен шілде аралығында тапсырған тестілеу негізгі ҰБТ деп аталады.
ҰБТ 5 шілде күні аяқталды. Тайынша ауданы бойынша 258 түлектің ішінен 166 түлек ҰБТ-ға қатысты. Ұлттық тестілеу орталығы көрсеткен статистикаға сүйенсек, қазақ тілінде тест тапсырған талапкерлердің саны 61, ал орыс тілінде — 105 түлек. 14 оқушы шығармашылық мамандықты таңдады. Аудан бойынша орташа балл 67,7 құрады.
Ең жоғары балл жинаған үштікті атап өтсек, Алтын белгі иегері Мироновка ОМ-нің түлегі Сулейменова Дильназ - 118 балл, Рыжик Николай (Киров ОМ)- 117 балл және Биллер Виктория ( Большеизюм ОМ)- 112 балл жинады.
Жалпы осы оқу жылында 9 түлек Алтын белгі иегері атанды. Олар: Орынбай Әсел Ақылбайқызы – Теңдік ОМ, Алданазар Ботагөз Рүстемқызы, Амангелді Нұрхат Ерланұлы, Қайролла Уәлихан Қайратұлы - Алабота ОМ, Ахметжанова Камила Амангильдыкызы - Тайынша қ. 1 ОМ, Сулейменова Дильназ Тулегеновна – Мироновка ОМ, Иоаниди Павел Павлович - Тайынша қ. №2 ОМ, Серік Әлина Ілиясқызы - Петровка ОМ, Тлеулес Ақбота Жасуланкызы - "Кеңес одағының батыры И.М.Бережной атындағы Келлер ОМ".
Енді 2022-2023 оқу жылы, яғни биылға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысына тоқталсақ. Елімізде жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған жалпы саны 73061 бакалавриат гранты бөлінген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл ЖОО-лардағы гранттардың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінеді екен.
Тестілеудің ең жоғары балл саны әдеттегідей – 140. Ал шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға түсуші талапкерлер үшін ең жоғары балл – 125 балл. Дегенмен, грантқа түсу үшін ҰБТ-дан жинаған балдың республикалық конкурс деңгейіндегі балмен сәйкес келуі маңызды. Сол үшін биылғы шекті балдарға тоқталып өтсек.
Ұлттық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын iске асыратын ұйымдарына кемінде 65 балмен қабылданады. Ал «Педагогикалық ғылымдар» мен «Құқық» даярлау бағыты бойынша бекітілген балл саны 75-тен төмен емес.
Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша грантқа оқуға түсу үшін 60 балдан кем жинамау керек.
Ал басқа да жоғары оқу орындарына түсудің шекті деңгейі кемінде 50 балды құрайды. «Педагогикалық ғылымдар» саласында тегін негізде оқу үшін шекті балл 75-тен жоғары болу керек болса, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету», яғни медицина саласы бойынша 70 балдан төмен болмау керек.
Сонымен қатар әр ЖОО-ның белгілейтін өз шекті балы барын да ескерген дұрыс. Ал бейінді пәндер білім беру бағдарламары тобына байланысты таңдалады.
Өкінішке орай аудан бойынша 23 түлек шекті балл жинай алмады, бірақ бұл түлектер қаңтар, наурыз айында болған ҰБТ сертификатымен ақылы түрде оқуға түсуге мүмкіндігі бар.
Гүлнар ИГИБАЕВА, аудандық білім бөлімінің басшысы.
05.07.2022
Қаралым саны: 65
Қаралым саны: 65