Тайынша қаласының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жасөспірімдер спорт мектебінің 2011-2012 жылы туған оқушылары арасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Иванович Назаркинді еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті.
С.И.Назаркин кезінде өзін нағыз спорт шебері екенін көрсетіп кетті. Спорт саласында қаншама шәкірттері де бар. Ол тек қана жаттықтырушы емес, өте білімді ұстаз еді. Сонау 1968 жылдан ауданымыздың маңдай алды ұстаз-жаттықтырушысы болды. Жасөспірімдердің спорт мектебін бір кездегі құлдырау жылдарында сақтап қалды, әрқашан жас жеткіншектердің ортасында жүріп, талай жеңісті күндердің куәсі болған жан. Бірінші болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Г.Қ.Батенова жарысқа қатысушыларға өз ойын жеткізіп, сәттілік тіледі.
Келесі сөз алған жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Т.Н.Рахимжанов жарысқа қатысушыларға жарыста сәттілік, жеңіс тіледі. Бұл спорттық іс-шараның құрметті қонақтарының бірі, С.И.Назаркиннің немересі болды. Жарысқа 7 команда қатысты: 2 команда - Тайынша ауданы, 2 команда – Уәлиханов ауданы және Ақмола облысының Зеренді ауданынан 3 команда қатысты.
Зеренді ауданының Бірлестік ауылының жаттықтырушысы Жұман Мұқажанов газет тілшілеріне берген сұхбатында өзінің еңбек жолы мен өзінің жаттығушылары, жеткен жетістіктері жайында айта келіп, ойын өтіп жатқан спорт кешенінің өте тамаша екенін, ал мұндағы қызметкерлер мен жаттықтырушыларға және осы ойынды ұйымдастырған аудандық әкімшілік пен спорт және мәдениет бөліміне алғысын жеткізді. Қарсы алып, барлық жағдай жасалғандығы жайында айтты. Сонымен қатар ойын әділ өткенін де жеткізді. Турнир қорытындысы бойынша 1 орын Тайынша ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне, 2 орын Уалиханов ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне, ал жүлделі 3 орын Зеренді ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне бұйырды.
Жеңімпаздар кубоктар мен медальдармен марапатталды. Тайынша қаласындағы қазақ орта мектептің оқушысы Санжар Сейтхан “Үздік қақпашы” атанды. Турнирдің үздік ойыншысы — Тайынша қаласындағы №2 орта мектептің оқушысы Дмитрий Рябчинский болды. Футболдан өткен спорттық іс-шараға келген көрермендердің де қарасы көп болды. Еске алуға байланысты ұйымдастырылған ойынға қала мектептерінің оқушыларымен қатар, немерелері үшін жанкүйер болып келген зейнет жасындағы ата-әжелер де болды.
Таңертеңнен кешке дейін тапжылмай отырып, немерелерінің ойын барысындағы әрбір қимыл іс-әрекетіне сүйсініп отырған аталар жаттықтырушыларға да алғыстарын айтып кетті. Шынымен де тайыншалық балалар спорттың қай түріне де болса еркін араласады, өйткені олардың жаттықтырушылары өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын адамдар, спорттың нағыз майталмандары. Олардың қатарында, Нейфельд Олег Владимирович және Дулат Сейтқанұлы Токубаев және басқалар.
Спорт сүйер қауым, жеңісті күндерде жолыққанша!
Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ
09.11.2022
Қаралым саны: 65
Қаралым саны: 65