Петровка ауылында Наурыз аталып өтті

Осынау мерекелі де берекелі айдың құрметіне Петровка елді-мекенінде Наурыз мейрамы ерекше аталып өтті. Жалпы  Петровка — Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы, Чкалов ауылдық округі құрамындағы ауыл. Соңғы жылдары жалпы ауылдың жағдайы, жергілікті халықтың тұрмысы біршама жақсарған. Білім ошағы, пошта байланыс торабы және басқа да қоғамдық жұмыс орындары күнделікті жұмыстарын атқаруда. Петровка елді мекеніне, дәлірек айтар болсақ, осы төңіректегі «Агорофирма Эксимнан» жауапкершілігі шектеулі  серіктестігіне жаңа басшы келгеннен бері ауылдың жағдайында оң өзгерістер өте көп. «Жас келсе, іске»,- дегендей осы өңірге Тасмағанбетов Бауыржан Иманбайұлының келуімен айтарлықтай өзгерістер бар. Былтырғы ауа-райының қолайсыз жылында да халықтың жағдайын жасап, қарамағындағы жұмысшыларға барлық жағдайлар мүмкіндігінше жасалғанын мерекелік жиынға келген көпшіліктен сұрап білдік. 

Наурыз мейрамын Петровка ауылының тұрғындары ерекше атап өтті. Ұлттар достығын қастерлеп, дәріптеу мақсатында әртүрлі ұлттың тағамдарымен ерекшеленген киіз үйлер көпшіліктің көңілінен шықты. Жиналған көпшілік әр отаудан дәм татып, ризашылықтарын білдіріп жатқанының куәсі болдық. Ән- жырға ұласқан берекелі де мерекелі Наурыз мейрамын  аудан әкімі Берік Ақылжанұлы Әлжанов ашты. Алғашқы болып сөз алған аудан басшысы жиналған көпшілікті қасиетті мереке күні:    

Баршаңызды халқымыздың Ұлы мейрамы, Әз-Наурызбен шын жүрегімнен құттықтаймын! Елімізді өркендетуге, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ауқымды іс-шараларды жүзеге асырудағы қажырлы  еңбектеріңіз әрдайым табысты болып, ойға алған барлық мақсат, жоспарларыңыз орындалсын. Елімізге – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық,  ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін. Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін! Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт - береке әкелсін.Баршаңызға амандық, саулық, дастархандарыңызға молшылық тілеймін! Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын, деді.Келесі сөз алған шаруашылық басшысы Б.И.Тасмағанбетов мырза да жиналған жерлестерін айтулы күнмен құттықтады. Мерекелік құттықтаумен қатар, көпшілік алдында атқарылғАня жұмыстарға есеп бере отырып,  алдағы күндерге деген жаңа жоспарларымен де бөлісті. 

Наурыз мейрамының тағы бір ерекшелігі үлкеннен бата алу. Бұл күні берілген бата-тілек міндетті түрде орындалады деген халық сенімі бар. Мерекелік жиын барысында көпшілікке  бата берген Сейітов Орынбай Сейілханұлы ардагеріміздің батасы қабыл болсын! Жалпы Б.И.Тасмағанбетов басқарған шаруашылықтың басшылығымен ұйымдастырылған мерекелік іс-шара өз мәресіне жетті. Арнайы дайындалған Наурыз көже, әр ұлттың тағамдары мен ыстық шай, ән-жыр мен мың бұралған биші қыздардың билері, түрлі спорттық ойындары - Наурыз мейрамының ажарын аша түсті.

 

30.03.2023
Қаралым саны: 73