Облыс әкімі Тайынша ауданында

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қарағаш ауылында болып, тұрғындармен ашық, еркін кездесу өткізді. Құмар Іргебайұлы жиналғандарды өңірдің 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен таныстырды.
 
Абай ауылдық округіне төрт елді-мекен қарайды. Ішіндегі ең әулеттісі – Қарағаш ауылы. Мұнда 218 отбасы тұрады, тұрғындардың саны - 740. Төрт дүкен, дәмхана, қоғамдық монша, фельдшерлік-акушерлік пункт, мешіт жұмыс істейді. Осында орналасқан «Астық-СТЕМ» ЖШС 175 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ауыл тұрғыны Берік Салықбаев өңір басшысына жерлестерін көптен бері мазалап жүрген тілегін жеткізді.
 
- Тұрмысымыз жақсы. Әр үйде қаладағыдай барлық жағдай жасалған. Көкшетау мен Қарағаштың арасын асфальт жол жалғастырады. Енді Тайыншаға дейін, яғни Краснокиев – Аймақ бағыты бойынша 15 шақырымға асфальт төселсе деген өтініш айтқалы отырмын, - деді.
 
Ардагер ұстаз Анатолий Горбовский ауылішілік 4,5 шақырым көшенің тозығы жеткенін, күрделі жөндеуді талап ететінін айтты.Сонымен қатар, 1982 жылы тартылған су құбырының әбден ескіргенін, оны жаңарту қажеттігі де айтылды. Құмар Іргебайұлы жыл аяғына дейін Қарағаш-Тайынша бағытындағы 15 шақырым жолдың 7 шақырымы асфальтталатынын, қалған қаржы келесі жылы игерілетінін, басқа мәселелер де шешімін табатынын жеткізді.
 
Облыс әкімі көкөніс сақтайтын қойманың жағдайымен және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан 600 сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының құрлысымен танысты.
 
Өңірде суармалы егістікті қолданып жүрген шаруашылықтардың бірі – «Астық-СТЕМ» серіктестігі. 2010 жылы агроқұрлымның небәрі 20 гектар ғана суармалы жері болса, қазір бір мың гектарға дейін ұлғайған.
 
- Құрғақшылық жылдары да тамшылатып суару арқылы көкөніс пен картоптан мол өнім алуға болады. Бұл әдісті жемшөп өндірісінде де пайдаланамыз. Нәтижесі жақсы, ең бастысы, мал азығы сапалы, шырынды, - деді сөзінде «Астық-СТЕМ» ЖШС-нің директоры Сергей Звольский.
 
380 гектар алқапқа отырғызылған картоптың шығымдылығы жоғары. 15 мың гектар алқапқа себілген бидай, сұлы, арпа, рапс, зығыр дақылдарының 80 пайыздан астамы толығымен қамбаға құйылып алынды. Кадр тапшылығын жою, жас мамандарды тұрақтандыру мақсатымен ауылда жаңа үйлер салынуда.

Облыс әкімі Тайынша ауданында

01.10.2022
Қаралым саны: 29