Этноауыл: көшпелі өркениетке саяхат

Этноауылда көшпелі өркениет әлеміне еніп, тұрмыс пен салт-дәстүр туралы көбірек білуге болады. Мұнда негізінде сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сағаттары секілді көптеген іс-шаралар өтеді. Бұл жерде жиналғандар қазақ халқының бай тарихы мен мәдениеті, өнері мен дәстүрі жайлы сыр шертетін құнды жәдігерлерді тамашалай алады.
 
Этноауыл бірнеше тақырыптық аумақтардан құралған. Мәселен, қолөнер, салт-дәстүр секілді тақырыптар қамтылған. Шын мәнінде, мәдени кешен келушілерді көшпелі өркениет пен өткен ғасырдың хал-ахуалын сезінуге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, осы өңірдегі халықтың кәсібі мен тарихынан жан-жақты мағлұмат беретін бірегей кешен.
 
Маусымның 9 жұлдызында «Теңдік этноауылының» салтанатты ашылуы өтті. Бұл іс-шараға Тайынша ауданының 42 мектебі қатысты. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Р.Ә.Аңбаев мерекелік шараға жиналғандарға бұл күннің тарихи сәт екенін айта келіп, еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын жолдап, жоғары марапаттар табыс етті. Ал, Әлжан тегі Орынбай қажы атамыз жиналған көпшілікке, кейінгі жас ұрпаққа ақ батасын берді.
 
Бұл ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – жас ұрпақты патриоттық сезімге, аға ұрпаққа құрметпен қарауға тәрбиелеу, мектеп оқушыларының еліміздің тарихын, салт-дәстүрі мен өткен өмір жолдарын жете түсіну.
 
Ұлттық мәдени кешен келушілерді қазақ халқының бай тарихымен, мәдениетімен, өнерімен және салт-дәстүрімен таныстырды, мұнда кез-келген адам көшпенділер өркениетінің этномәдени ортасынан ауысып, ауылдың күнделікті және мерекелік тіршілігін тамашалады. Этноауылда қазақ музыкалық және театр өнерінің фестивальдері, сәндік-қолданбалы өнерден шеберлік сабақтары, қолөнер және көркемсурет көрмелері, этникалық музыка, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және басқа да іс-шаралар жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
 
Ынтымағы жарасқан Теңдік ауылында өткен мерекелік іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары, әрине, ел азаматтары, мектеп ұжымы мен ауылдың барша тұрғындары. Елдің қонақжайлылығы мен ұйымшылдығын көріп, келген меймандар ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл күні жергілікті сазгер-ақын Жомартов Берік Базарбайұлының осы Теңдік ауылына арналған өлеңінің тұсауы кесілді. Әнді көпшілік алдында орындаған Краснокиевка негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекова Арман Карбайқызына халық зор қошеметпен қол соқты. Күмбірлеген қазақтың домбырасы, шырқалған ән мен биші қыздарымыздың мың бұралған биі, қобыздың ерекше қоңыр үні мерекенің шырайын ашып, жиналған барша халықтың көңілі көтеріңкі болғанының куәсі болдық. Этноауылда жастар кеңпейіл ауыл жұртының мейірімге толы жүздері мен ыстық ықыласына қанып, дархан дала аясында арқаны кеңге салып, ауылдың бір сәттік өмірін көз алдарында елестеткендей болды. Көпшілік мұнда ауыл қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысып, қазақтың күресін тамашалады, атқа мініп, ән айтып алтыбақан тепті. Ақ дастархан жайылып, ас берілді.

Этноауыл: көшпелі өркениетке саяхат

17.06.2022
Қаралым саны: 44