Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр-тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр тарапынан келген ұлттарды жатсынбай, оларды туған-туыстарындай жақсы көрді. Міне, сондықтан, қазір Қазақстан көпұлтты мемлекет атанып отыр. Қазақ елі сияқты ұлттар достығы - өнеге, халықтар достығы - үлгі дүниежүзінде ел жоқ. Біздегі халықтың ынтымақ, бірлігіне, жарастығына тәнті болған шетелдік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «Қазақстаннан үйрену керек» дегенді жиі айтады екен. Барлық ұлттардың терезесі тең, мүдде-мақсаты бір және олардың еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, саясатпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Қазір адал еңбектерінің арқасында кәсіппен шұғылданып, бай-қуатты болып жатқан отбасылар көбейіп, қауымға айнала бастаған ұлт диаспоралары бар. Ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, өз діндерін ұстанып, бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халық тек Қазақстанда ғана деп айтуға болады. Бұған әрине, қуанасың және мақтанышпен айтасың. Тайынша жерінде де басқа ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр.
Солардың ішінде өзбек бауырларымыз туралы айтуды жөн көрдік. Себебі олардың күнделікті өмірі мен айналысқан кәсіптері халыққа өте жақын. Олай дейтін себебіміз, жеміс-жидек қашан да болсын, қай жыл мезгілінде болса да дастарханымыздың сәні. Сол жеміс-жидек сатумен айналысып, табыс көзін тауып отырғандар шеттен келген бауырлар. Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің тағдыры да, өмірі де өзге бауырлардан мүлдем өзгеше. Негізі әкесі Турдаліден Жамалидин, Жалолдин, Жұмабай, Розымахаммад, яғни 4 ағайынды дүниеге келген. Әкесінің шешесі қазақ болған екен, әуелден қазақ халқына жақын жандар, оның ішінде Жалолдин мен Жұмабай бүгінгі таңда осы өңірде өмір сүруде.
Оның айтуынша осы қазақ жеріне келуі - тағдырдың жазуы болар, дегенмен бұл жердегі негізгі құдірет - ұлы достық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Жораев Жалолдин 2000 жылы Көкшетауға келеді. Ал, 2008 жылы Тайыншаға келді. Ол Қырғызстаннан келді, бірақ ұлты өзбек. Ол азаматтық борышын өтеп, әскерде Монголияда болады. Одан әрі қарай әңгімені Жораев Жалолдин өзі жалғастырып, айтқан әңгімесі:
- Әскерде көкшетаулық Қанат, шымкенттік Нұрлан, Рустем деген жігіттермен танысып, екі жыл бірге жүрдік, дос-бауыр болып кеттік, содан көкшетаулық досым қонаққа шақырып, осы жаққа келдім. Маған Көкшетау жері, табиғаты өте қатты ұнады, досым арқылы көп таныс таптық. Мен туған елімде политехникалық институтта жоғары білім алып, энергетик мамандығы бойынша қызмет атқардым. Бір мекемеде инженер, кейін директор да болдым. Отбасын құрып, дүниеге Эъзоза, Мухаммадсадық және Нилуфар атты 3 бала келді. Жұбайым Жамиля – мұғалім. Содан елімдегі бар жұмысымды тастап, осы жаққа не болса да келіп қалдым. Сөйтіп жүргенде Көкшетау жерінде тайыншалық Қанат Тулюгунов деген жігітпен танысып, ол жігіт мені жұмысқа шақырды. Сөйтіп Тайынша қаласына келіп, еңбекке араласып, осы күнге жеттік. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ризамын. Қазақстанда 100-ден артық ұлт өкілі бар десек, соның бәрі бір үйдің баласындай. Соңғы 21 жылда қаншама дос тауып алдық, тіпті осы жер балаларыма да ұнайды. Келешекте осы ел туған еліміз болмаса да, тұрақты тұратын еліміз болады деп ойлаймын. Өзбекстанға оралмайтын сияқтымын. Мүмкін, қызым қазаққа тұрмысқа шығамын десе, қазақпен құда болуға да қарсы болмаймын. Жұмыста 10 жылдан бері Светлана деген дүкеншім бар. Қазір қызым Эъзоза үнемі менімен бірге, көмекшім, оң қолым, негізгі мамандығы медбике. Тамаша аспаз, түрлі тағамдар, тәтті тоқаштары мен бәліштерін жесеңіз, ауыздан дәмі кетпейтіндей дәмді етіп дайындайтын кулинар, ұлым Мухаммадсадық та отбасымен менің көмекшілерім. Балаларыма ризамын. Сонымен қатар тайыншалықтарға да алғысым шексіз. Үнемі бізді жақын тартып, ағайын болып кеттік десек артық емес, - деп ол әңгімесін түйіндеді.
Иә, шынымен де бұл отбасы 13 жыл осы жерде еңбек атқарып, елдегі бар жаңалықтармен, мерекелік іс-шаралармен үнемі байланыста. Қазақтың салт-дәстүрін сақтап, отыз күн ораза тұтып, бес мезгіл намазын оқыған өзбек бауырлар осындай жандар. Қысылғанға қол ұшын беріп, қуаныш пен қайғыда бірге бола алатын достыққа берік қасиеттері тағы бар. Осының бәрі Ел Тәуелсіздігінің арқасында, Тұңғыш Президентіміздің көреген саясатының нәтижесі. Ендеше еліміз тұғырынан таймай, мәңгілік тәуелсіз ел болсын деп тілейік және солай болады деп сенеміз!
Гүл Жамашқызы, «Тайынша таңы»
Қаралым саны: 59