Әскері мықты, сарбаздары күшті ел – қуатты ел болып саналады

Тәуелсіз Қазақстанда әскери қызмет азаматтардың өз елінің , отанының алдындағы қасиетті парызы саналады. 1995 ж. кабылданған "Жалпыға бірдей әскери міндеттілік" туралы заңды негізге ала отырып, Қазақстанның барлық ер азаматтары нәсілі мен ұлтына, діни сеніміне, біліміне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына қарамастан, қарулы күштер қатарында міндетті әскери қызметті атқаруға тиісті. Міндетті әскери қызметке 18 жасқа толған азаматтар шақырылады. Шақыру жұмысы жылына екі рет, мамыр-маусымда және қазан-желтоқсанда жүргізіледі. Әскери қызметшілерді запасқа босату жұмысы да нақ осы мерзімде жылына екі рет өткізіледі.Қарулы Күштердің бөлімшелері мен мекемелерінде әскери қызмет атқаратын адамдардың міндеттеріне әскери міндеттерді орындау жатады. Бұл қызмет тек мамандық қана емес, сонымен қатар бұл мамандық қоғам және тұтас мемлекет әскери қызметшілерге әлеуметтік жауапкершілікті жүктейді. Әскери мамандықта физикалық дайындығы нашар және ерік-жігері әлсіз адамдар үшін орын жоқ. Өйткені, әскерилердің басты міндеті - аумақты, сондай-ақ адами және материалдық ресурстарды қорғау және сақтау. Әскери қызметтегі адамдар қажетті әскери әрекеттерге, операцияларға және шараларға қатысты барлық бұйрықтарды сөзсіз түрде орындауға міндетті.

Міне, осындай мамандықты өздеріне серік еткен азаматтар Тайынша аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде қызмет атқарады. 2019 жылдан бастап бөлімге подполковник Мухамбетов Әділ Ермұқанұлы басшылық етіп келеді. Осы қызметке орналасқаннан бері ол - аудан көлеміндегі барлық білім ошақтарымен тығыз байланыста. Әрқашан жастармен ортақ тіл табысып, ата-аналардың да алғысына бөленген жан. Жұмыс орнында да барлық жағдай жасалған. Қазіргі, бейбіт аспанымызды бұлт шалмаған тыныш заманда бұл қызметтің міндеті – азаматтарды әскер қатарына шақырып, Отан қорғаушыларды сапқа тұрғызу. Жаңа әскерге қабылданған жасөспірімдер арасында республикалық Ұланды жасақтау үшін басым тәртіпте дене даярлығы жақсы, ортадан төмен емес білімі бар әскерге шақырылушылар болып,алғашқы кезекте іріктеледі. Яғни, бұл жерде оқу бөлімдеріне іріктеу кезінде, сондай-ақ, олардың әскерге шақыруға дейін алған мамандықтары ескеріледі. Біздің мемлекетіміздің қорғаныс қабілеттілігі, жоғарыда айтқанымыздай, Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтау сапасына, олардың даярлығына тікелей байланысты.

Басты мақсат – әскери оқытылған резерв құру. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мұның бір бөлігі ғана.Сонымен қатар, білікті басшы Ә.Е.Мухамбетов мырза бұрынғы жылдарда осы мекемеде қызмет атқарған азаматтарды да ұмытпайды, үнемі хабарласып, тығыз байланыста болады.Олар:Тайынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде әртүрлі жылдары қызмет атқарған білікті басшылар.Мәселен, еліміз тәуелсіздік алған жылдары бөлім бастығы, аудандық әскери комиссар болып майор Беленков Михаил Владимирович тағайындалды. Кейін 1994 жылы әскери комиссар болып Гусев Михаил Григорьевич келді. 2008 жылы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, майор Мұсақұлов Эрмұхаммед Оразбекұлы, 2013 жылы бөлім бастығы, капитан Талғат Тұрабай Тайынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне жетекшілік етті. Есімдері жоғарыда аталған тұлғалардың барлығы дерлік аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жұмысына зор еңбек үлесін қосты.                                                                                                       

Әскері мықты, сарбаздары күшті болған ел – қуатты ел болып саналады. Тәуелсіздіктің 30 жылын артқа тастаған еліміздің қорғаныс саласы осы жылдар ішінде небір белестен өтіп, биік қамалдарды алды. Бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтты. Бұл бағытта Тайынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім өзіндік еңбек үлесін қосып келе жатыр. Қарулы Күштердің бөлімшелері мен мекемелерінде әскери қызмет атқаратын адамдардың міндеттеріне әскери міндеттерді орындау жатады. Бұл қызмет тек мамандық қана емес, сонымен қатар,қоғам және тұтас мемлекет әскери қызметшілерге әлеуметтік жауапкершілікті жүктейді.Міне, бұл әскери мамандықты таңдаған жандардың күнделікті жұмысының бір белесі ғана. Осы бағытта Тайынша аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ә.Е Мухамбетов мырзадан осы мамандық туралы ой-пікірін сұрап едік, сондағы берілген жауап:

- Бала кезінде әр бала өз отбасының және достарының қорғаушысы болуды армандайды десек,есейген шақта туған жердің шекарасын күзету елін сүйген жас жеткіншектің абыройлы міндетіне ұласары сөзсіз. Алайда, мамандық таңдау туралы шешім қабылдағанда әскери қызметтің қиындықтары туралы есте ұстаған жөн. Қазақстан армиясы әлемдегі ең батыл және тиімді қарулы құрамалардың бірі болып саналады. Қарулы Күштердің көптеген бөлімшелерінде дайындық деңгейі мен төтенше жағдайларда аяқталған күрделі тапсырмалардың көлемі жағынан бірдей болмайды. Қатал тәртіп- мықты мінезді қалыптастырады. Егер сіз өз өміріңізді әскери қызметке арнағыңыз келсе, ерте жастан ұқыптылық пен тәртіпті,үлкендерге құрметпен қарауды дамыту қажет. Біреулерге Отанды қорғауға тура келеді. Мұны өз Отанының ұлынан артық ешкім жасай алмайды. Сондықтан мен сарбаздық мамандықты таңдадым. Қазіргі армияға икемді ақыл-ойы бар және жоғары технологиялық жүйелерді терең түсінетін білімді жастар қажет. Өткен ұрпақтардың дәстүрлерін ескере отырып, қазіргі заманғы жауынгерлер әлемде теңдесі жоқ қарудың жаңа түрлерін игеруде.Өмірде ең үлкен құрмет – әскери қызмет деп білемін!

Міне, әр мамандықтың өзіне тән қиындығы мен қызығы бар. Әскери өмір жолын өзіне өмірлік серік еткен жандар, бүгінгі бейбіт заманның батырлары,олардың батылдығы мен қайсар мінездері кімге де болса қызығушылық тудырып, осы мамандыққа деген сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз.Тәуелсіз елдің, бейбіт заманның әскери қызметкерлері мен қатардағы жас жауынгерлер,егеменді еліміздің игілігі жолындағы еңбектеріңізге береке-бірлік, амандық тілеймін.Тарихы терең еліміздің Туы асқақтап, келешегі көркейе берсін!

Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ.

24.12.2021
Қаралым саны: 52