АВТОКӨЛІК КІЛТІ — АЛАҢ ИЕЛЕРІНДЕ

Шілденің 13-15 күндері аралығында Аққайың ауданында өткен “Ақ бидай – 2023” облыстық жазғы спорт ойындары спартакиадасы өз мәресіне жетті. Жылдағы дәстүр бойынша спорт сайысына барлық аудан қатысты.  

Бір жарым мың спортшыға аққайыңдықтар аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетті. Үш күнге созылған шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Спорттың баскетбол, футбол, үстел теннисі, велоспорт, дойбы, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, гір көтеру, бокс түрлері бойынша жеңімпаздар анықталды.  

Жалпыкомандалық есепте үшінші орынға – Шал ақын, екінші орынға – Аққайың, жеңіс тұғырына Қызылжар ауданының спортшылары көтерілді. Облыс әкімінің сыйлығы – “ГАЗель” автокөлігінің кілті жарысты жоғары деңгейде өткізген Аққайың ауданының командасына бұйырды. “Ақ бидай” жазғы спорт ойындарының ауыспалы туын Есіл ауданының спортшылары қабылдап алды.  

Бұл ойын барысында 117 тайыншалық спорт майталманы өз өнерлерін ортаға салды. 20 жаттықтырушының еңбегі де бағаланып, бірнеше сайыстарда тайыншалықтар жоғары көрсеткіштермен жеңіске жетті. 3 күнге созылған спорт ойынының қорытындысы бойынша тайыншалықтар жүлделі 4-орынды иеленді. Жаттықтырушы Д.Токубаевтың командасы баскетболдан 3-орынға иеленді. Ал теннисшілер Р.Майер, В.Кулинка, Д.Солодко, А.Никитенко және аудандық мәслихат депутаты Л.Журавлева ойын барысында 3-орында тұрақтады. Жалпы тайыншалықтардың ойындағы көрсеткіштері өте жақсы. 3 күн бойы спорт алаңында өздерінің ептіліктерін, мықты ойыншылар екенін дәлелдеп қайтты. Алдағы күндерде де жеңістің биік тұғырына шыға беріңіздер. Марапаттарыңыз құтты болсын, жерлестер!  

Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ 

15.07.2023
Қаралым саны: 63