ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ РИЗАБЕК АЙТМҰХАНДЫ ТАЙЫНШАЛЫҚТАР ЗОР ҚОШЕМЕТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Тайынша жұртшылығы еркін күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабекті зор қошеметпен қарсы алды. 

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық балуан, 19 жасар жерлесіміз Ризабек Айтмұхан Сербия астанасы Белградта өткен әлем чемпионатының финалында 92 келі салмақ дәрежесінде еркін күрестен әлем чемпионы атанды. Ризабек әзірбайжандық Осман Нурмагомедовты жеңген болатын.Айта кетерлігі, Ризабек осы жылдың ақпан айында ересектер арасында ұйымдастырылған еркін күрес сайысында Қазақстанда бас жүлдені иеленіп, елордасы Астана қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын. 

Осылайша облысымызға қарасты көршілес Ақжар ауданы Қызылту елінің тумасын тайыншалықтар қошеметпен қарсы алып, барынша құрмет көрсетті. Салтанатты рәсім басталмас бұрын автокөлікпен арнайы флешмоб ұйымдастырылып, қаладағы спорттық-сауықтыру кешеніне кіре берісте қазақ халқының дәстүріне сай шашу шашылды. Мерекелік бағдарлама бойынша ауданымызда каратэ және еркін күрес секцияларына қатысып жүрген жас спортшылар көпшіліктің алдында өнер көрсетіп, спорттық шараның ажарын аша түсті. Мерекелік шараны аудан жетекшісі Берік Ақылжанұлы Әлжанов ашып берді. 

- Ризабек жерлесіміздің қол жеткізіп отырған жетістігі кейінгі толқын жас спортшылар үшін үлгі болары анық. Салауатты өмір салтын қолдап, барынша насихаттап жүрген чемпионымызды мақтан тұтамыз. Еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан қазақ балуандары арасында тұңғыш рет әлем  чемпионы атанды. Бұл – тарихи жетістік. Оның жарқын жеңісі кейінгі ұрпақтың спортқа деген құлшынысын арттыра түсетіні анық. Әлем чемпионатында алтын медаль иеленуімен құттықтаймыз, - деді Берік Әлжанов. Жиынға қатысқан көпшілік те жылы лебіздерін білдіріп, түрлі сый-сияпат жасап жатты. Олардың қатарында, «Тайынша-Элеватор» ЖШС директоры Ш.Балқыбек пен еркін күрес Ассоциациясының басшылығы болды. Олар чемпионға көкпарға арналған асыл тұқымды аттың бағасына сәйкес сертификаттар табыс етті. 

Шараның соңында сөз алған Р.Айтмұхан тайыншалықтарға жарысты тікелей эфирден көріп, қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге спорт саласына енді қадам жасап жатқан кейінгі толқынға үнемі өздеріне сенімді болып, биік белестерді бағындыруларына тілектес екендігін жеткізді. Біз де өз тарапымыздан еліміздің тәуелсіз спорт тарихындағы еркін күрестен шыққан тұңғыш әлем чемпионын лайықты жеңісімен құттықтаймыз! Жеңісті күндерің көп болсын, Ризабек!

                                                           

01.10.2023
Қаралым саны: 48