19 ҚАЗАН – ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ

Бүгінде Қазақстан ТЖМ қызметкерінің беделі жоғары екеніне дау жоқ. Осы жұмыстың нәтижесі – мыңдаған құтқарылған адам өмірі. Құтқарушыларға физикалық жағынан мықты әрі кәсіби маман болу жеткіліксіз. Өйткені, олардың тынымсыз қызметінде апат, зілзала, өрттен бөлек түрлі жағдайларда зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де тура келеді. Ауа-райының қай кезі болса да төтеншеліктер тілсіз жаудың алдын-алуға дайын тұрады. Сала мамандары уақыт пен санаспай 24 сағат жұмыс істейді.
 
Жыл сайын төтенше жағдайда қалған мыңдаған адам құтқарушылардың ерлігінің арқасында аман қалады. Кез-келген жағдайда, кез-келген уақытта ержүрек жігіттер өз өмірлерін қатерге тігіп, көмекке келеді. Сын сағатта адамды судан да, өрттен де құтқарады.
 
«Біздің басты міндетіміз адам өмірін сақтау және құтқару. Бізде өз ісін жетік білетін, нағыз кәсіби құтқарушы, өрт сөндірушілер жұмыс істейді. Жалпы 50-ден аса жауынгер бармыз. Кез-келген жауынгер күрделі, қауіпті жағдайларда жан-жақты көмек көрсете алады, дәрігерлік алғашқы көмекті де көрсетіп, ажал аузынан алып қалған сәттер өте көп болды»,- дейді Тайынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғаныс подполковнигі Руслан Айтбайұлы Абдикаримов.
 
Ол азаматтық қорғау органдарында 25 қызмет етіп келеді. Сауатты, өз ісінің маманы, тәжірибелі басшы өз жұмысын абыроймен атқарады, қиындықтардан қорықпайды, алға қойылған тапсырмаларды тез шеше біледі, жеке құрамды басқарып, қиын сәтте жылдам шешім қабылдайтын ерекше жан. 
 
Тайынша аудандық Төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары қиындығына қарамастан, өз жұмыстарын жауапкершілікпен және адал атқарып келеді.
 
Қиын да күрделі қызметтеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, амандық тілеймін! Ұжым басшысы Сізді, ұжымдағы барша батыр да батыл азаматтарды және зейнет жасындағы  Еңбек ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын!
 
Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ 

19 ҚАЗАН – ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ

18.10.2022
Қаралым саны: 40